Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық биотехнология орталығына барды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Ұлттық биотехнология орталығындағы отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен танысты. Орталық қызметкерлері Мемлекет басшысына ДНҚ жасанды синтез жолымен әзірленген және коронавирус ауруының жаңа түрін жылдам анықтауға мүмкіндік беретін полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) негізіндегі тест жүйесін таныстырды. Аталған тест жүйесі шетелдік диагностикалық құрал-жабдықтармен салыстыру кезінде өзінің жоғары сезімталдығын көрсеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдардың еңбегін жоғары бағалап, Қазақстан ғылымының құзыретін арттыру үшін отандық әзірлемелердің маңыздылығын атап өтті.
«Шын мәнінде, бұл зертхана Қазақстан үшін бірегей саналады. Біз сіздердің ғылыми жұмыстарыңызға зор үміт артамыз. Қажетті көмек беріледі. Вирус пен оның таралуы биологиялық лабораториялардың, медициналық және санитарлық қызметтердің жұмыстарына мемлекеттің ерекше көңіл бөлуі тиіс екенін көрсетті», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент қазақстандықтарды карантин ережесін сақтауға шақырды.
«Ешқандай дүрбелең туғызуға болмайды. Өйткені індет ежелден оптимизм мен өмірге құштарлық салтанат құрған, адамдардың жігері мұқалмайтын жерлерді айналып өтеді. Сонымен қатар кімде-кім депрессияға түсіп, қайғыға салынатын болса, инфекция да соған үйір болады. Сондықтан бәріміз бірге болуымыз керек. Барлық қажетті емдеу шаралары жүргізіледі. Біз дертті жұқтырғандарға да, карантинде жатқан азаматтарға да қамқорлық жасаймыз», - деді Мемлекет басшысы.
Орталық жұмысымен танысу барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сондай-ақ, Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов баяндама жасады.
Бұған дейін отандық ғылыми ұйымдар қысқа мерзім ішінде құс тұмауы мен доңыз тұмауына, нодулярлы дерматитке және бруцеллезге қарсы вакциналар әзірлеген болатын. Жалпы вакцинаның 28 түрі жасалып және диагностикалық тест жүйесінің технологиялары әзірленді. Мұның кейбірі шетелдерге шығарылады.