АҚШ-та індет өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та індет өршіп тұр

25.03.2020

Қытай коронавирусты жеңгенін жариялауға жақын. Бүгін 60 миллиондай тұрғыны бар Хубей провициясы карантиннен босатыла бастады. Ал, АҚШ ғаламдық пандемияның жаңа эпицентріне айналып барады. Мұнда оқшаулау шаралары елді депрессияға ұшыратып, суицидті көбейтеді деген қауіп бар.

«Франс пресс» агенттігінің мәліметінше, әлемде бүгінге дейін Covid-19 вирусынан 18 000-нан астам адам қайтыс болып, 400 000-ға жуығы жұқтырған. Құрбандардың көбі – Еуропада. Ал Covid-19-ды Құрама Штаттарда 50 мыңдай адам жұқтырып, 660-тан астамы қайтыс болған. 

Зерттеушілердің болжамынша, мамырдың ортасына дейін Үндістанда миллионнан астам адам коронавирус жұқтыруы мүмкін.  Ал, Мәскеуде президент Владимир Путин бас сұққан госпиталь директоры Денис Проценко Кремль айтқандай, Ресей «италиялық сценарийге әзірленуі» керек. 

Наурыздың 24-не дейін бұл мемлекетте коронавирусқа 495 адам шалдығып, одан ешкім қайтыс болмаған. Қытаймен мыңдаған шақырым шекаралас елде Covid-19 пациенттері неліктен аз? Бұл сауалдың жауабы сейсенбіде белгілі болды. Мәскеу мэріне сенсек, қауіпті инфекцияны жұқтыру фактілерінің аздығына жеткіліксіз скрининг себепші екен.

Токио Олимпиадасы да жұмбақ вирустың құрбанына айналды.

Биыл шілденің 24-і мен тамыздың 9-ы аралығына жоспарланған Жазғы Ойындар 2021 жылы өтеді.

Коронавирустың алғашқы ошағы – Қытайдың Хубэй провинциясы екі айдан бері алғаш рет шекарасын ашты. Ал, қаңтардың 23-де карантинге жабылған Ухань оқшауланудан сәуірдің 8-де босатылады.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу