Алматы облысында жазасын өтеушілер маска тігіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жазасын өтеушілер маска тігіп жатыр

25.03.2020

Алматы облысындағы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар жаппай маска тігуге кірісті. Жауғашты және Заречный елді мекендеріндегі түрмелерде 200-дей сотталушы бетперде тігіп жатыр. Күніне екі ауысымда 7,5 - 8 мың маска дайындалады. Бұл өнімдер Алматы қаласы мен облыс аумағында арнайы бекеттерде жұмыс істейтін тәртіп сақшылары, медицина мамандары мен әскерилерге таратылып тұрады. Маскалар барлық санитарлық талаптарға сай тігіліп, термоөңдеуден де өткізіледі. Түзету мекемесіндегі жазасын өтеп жатқандардың да қауіпсіздігі қарастырылып, қажетті қорғаныс заттармен қамтамасыз етілген. Айта кету керек, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғанбаевтың бұйрығымен маска тігіп жатқан сотталушыларға да сыйақы қарастырылмақ. 

Батыс Қазақстан облысының санитарлық бекеттеріндегі мамандарға да волонтерлар бетперде тігіп беріп жатыр. Көрші өңірлермен шекаралас жолдарға қойылған бұл пункттерде полиция мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары жұмыс істеуде. Ал олардың қауіпсіздігін шыңғырлаулық волонтерлар назарға алған. Жастар жергілікті кәсіпкердің қолдауымен маска тігіп, күре жолда еңбектенген қызметкерлерге тегін таратуда.

Қуаныш СЕРІКҚАНОВ


Хабарламаларға жазылу