Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон коронавирус жұқтырғанын мойындап, өзін-өзі оқшаулаған. Дегенмен, ол үкіметтің эпидемиямен күрес шараларына басшылық етуді жалғастыра бермек.
Иә, Пандемия ошағына айналған Еуропада індет күннен-күнге өршіп барады. Италияда коронавирус жұқтырғандардың саны 74 мыңнан асты. Індеттен 7500 адам қайтыс болды. Медициналық құралдардың, мамандардың жетіспеуі, тұрғындардың сақтық шараларына бағынбауы жағдайды онан сайын ушықтырып жіберді. Биліктің, халықтың бейғамдығы қасіретке душар қылды-дейді сыншылар.
Иә, сол салғырттықтың кесірінен, Италияда карантинге бағынбау бойынша 100 мың оқиға тіркелген. Бельгия саябақтарында пикник ұйымдастырған жастарға да қатаң сөгіс берілді. Таза ауада спортпен шұғылдануға ғана рұқсат. Тәртіп бұзушылықты полиция қызметкерлері қазір дронмен бақылап отыр.
Ережені елемеген әр азамат 400-ден 3 мың еуроға дейін айыппұл төлейді. Бірақ, еркіндікке дәніккен еуропалықтарды мұнымен шектеу қиын. Қытайдағыдай қатаң шаралар қабылдап, қажет болса, жүгенсіздерді өлім жазасына кесу керек екенін айтады сарапшылар.
Нұрсұлу ҚАСЫМ