Елордада азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттаған

31.03.2020

Елордада азық-түлік өнімдерінің бағасы 5-тен 12 пайызға дейін қымбаттап кеткен. Бүгін әкімшілік және қадағалаушы орган мамандары көтерме базардағы сауданы саралау барысында осындай қорытынды айтты.

Бұл – зімбір. Көтерме базардағы ең ірі саудагер ұсынған баға келісіне 2300 теңге. Бір апта бұрын зімбірдің келісі мың теңгенің ар жақ, бер жағы еді. Қолдан қолға өтіп, дүкен сөресіне жеткенше құны еселеп өсіп жатыр.

«Зімбір - коронавирустан қорғайды». Осындай сыбыс тарағалы, бұл өнімге сұраныс күрт артқан. Өзі Қытайда ғана өседі. Шекара асып келетін өнім бағасын тиісті орган мамандары реттемейміз деп отыр.

Әлеуметтік маңызы бар қант, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат секілді өнім бағасы 10-12 пайызға өскен. Күні кеше 600-700 теңге тұрған лимон да екі есе қымбаттаған.

Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті тексеруге тыйым салынған. Бұған Президент жарлығы кепіл.

 Нарық бағаны өзі реттеп жатыр. Бір анығы базарда азық-түлік баршылық. Мамандар, келесі өнім шыққанша жететін көкөніс қоры да бар деп отыр.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу