Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде Қазақстан былтыр 57-орынға тұрақтады. Биыл 45-орынға көтерілу мақсаты қойылып отыр. Бүгін Ұлттық экономика министрлігі өкілдері еліміздің кәсіпкерлерімен кездесіп, мемлекеттің озық 30 елдің қатарына кіруіне қатысты шараларды талқылады. Министрліктегілер бизнесмендерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, экономика көлемін арттыру, сыртқы сауданы дамыту, инфляция деңгейін төмендетуге қатысты тәжірибемен бөлісті. Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлереге қатысты салық кодексін реттеп, олардың жұмысына пайда әкелетіндей өзгерістер енгізбек. Мәселен, бизнесті ашу үшін күн санын азайтып, қағазбастылықты жою жоспарда бар.
Бауыржан Тұрлыбеков, ҰЭМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары:
- Дүниежүзілік экономикалық форум наурыздың соңына дейін сауалнама жүргізеді. Оны біздің бизнесмендеріміз толтырады. Яғни, Қазақстанда жолдардың сапасы қандай, білімнің сапасы қандай, қаржы жүйесінің сапасы қандай, соның бәріне жауап береді. Сол үшін кәсіпкерлермен сөйлесеміз. Түсіндіріп, білмей жатқан жері болса, жауап береміз.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ