Ел бюджеті 1 триллион 700 миллиард теңге табыстан қағылғалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел бюджеті 1 триллион 700 миллиард теңге табыстан қағылғалы тұр

02.04.2020

Коронавирустың кесірінен ел бюджеті 1 триллион 700 миллиард теңге табыстан қағылғалы тұр. Бұған мұнай бағасының арзандауы мен салықтан түсетін түсімнің төмендеуі себеп. Жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші де айтарлықтай азаймақ.

Үкімет кіріс-шығысты оңтайландыру мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті қайта қарады. Өйткені еліміздің басты қаржылық құжаты мұнай баррелі 45 пен 55 доллар болады деп есептелген. Бірақ қара алтынның құны қазір құбылып тұр. Төл ақшамыз да долларға шаққанда 445 теңгеге дейін арзандады. Валютаның құнсыздануынан барлық әлеуметтік төлемдер де индексацияланады.

Ал инфляция деңгейі 9-11 пайыз болады деп күтілуде. Бірақ Үкімет негізсіз қымбатшылыққа жол бермейтінін айтады. Халық пен кәсіпкерлерді қолдаудың да жоспары әзір.

Ал өмірін қауіпке тігіп, коронавирусқа шалдыққандарды емдеп жатқан дәрігерлерге сыйақы төлеу үшін 40 миллиард теңге бөлінбек. Көп балалы отбасылар мен тұрмысы төмен 800 мыңнан астам отбасы мемлекет есебінен тегін азық-түлікпен қамтылады. Ал дағдарысқа қарсы жоспар мен республикалық бюджетті нақтылау бойынша тиісті Жарлықтің жобасы көп кешікпей президент қарауына жіберіледі.

Досжан ҚАЛИЕВ


Хабарламаларға жазылу