Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны миллионға жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны миллионға жуықтады

02.04.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны алдағы күні миллионға жетеді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлап отыр. Олардың ішінде ондаған мың медицина қызметкері бар. Елді емдеймін деп, өздері дертке шалдыққан ақ халаттылардың сырқаты ауыр жағдайда өтеді.

Қауіпті індетпен күресте басын қатерге тігетін ең бірінші – дәрігерлер. Статистика бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандардың шамамен 10 пайызы медицина мамандары. Олардың арасында көз жұмғандар саны да өсіп келеді. Маска мен арнайы костюмге қарамастан, ақ халаттылар ауруға көп шалдығатын топқа жатады. Себебі, олар инфекция көп шоғырланған аумақта жұмыс істейді. Сондықтан, қауіпті вирус қоздырған дерт аса ауыр жағдайда өтеді.

Италияда да ауруға шалдыққандардың 9 пайызы емдеу мекемелерінің персоналы. Ал, Уханьда бір адамның 14 маманға вирус жұқтырғаны белгілі болды. Дәрігерлердің тексеруіне дейін науқастың бойында аурудың еш белгісі байқалмаған. Пандемия қарқыны өршіп тұрғандықтан, алдағы уақытта ақ халаттыларға түсетін салмақ артары сөзсіз

Егер, инфекцияның таралуына қарсы шаралар нәтиже бермесе, ауруханалар да індет ошағына айналуы мүмкін. Себебі бүгін әлемде COVID-19 анықталғандар саны 940 мыңға жетті.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу