Әлемде миллионнан астам адам коронавирус жұқтырды. Науқастар саны бойынша АҚШ көш бастап тұр. Құрама штаттарда жұқпалы дертке 245 мыңға жуық адам шалдыққан.
Жағдайдың ушығуына байланысты, бірнеше қалада медбикелер шеруге шықты. Олар қорғаныс заттарының тапшылығына наразы. Медицинасы дамыған Американың өзінде қызметкерлерге күніне бір ғана маскадан берілуде. Бұған ашуланған мамандар мәселені тез арада шешуді талап етіп отыр.
Қырғызстанда коронавирустан алғашқы науқас қайтыс болды. 61 жастағы ер адам шетелден оралған. Мамандардың хабарлауынша, аурудың асқынуына оның созылмалы сырқаты себепші. Сондай-ақ, елде COVID-19 тағы 130 адамнан анықталды.
Ал вирустың ошағы болған Ухань қаласында жағдай оңалып келеді. Қатаң карантин талаптары алынып, адамдар қалыпты өмірге орала бастады. Сәуірдің 8-де қала ресми түрде қайта ашылмақ.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ