Соңғы тәулікте ұлттық валюта 14 теңгеге әлсіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы тәулікте ұлттық валюта 14 теңгеге әлсіреді

11.04.2018

Кеше Мәскеу биржасы сауда-саттықты 16 млрд. доллар минуспен жапты. Оның салқыны бізге де тиіп, теңге соңғы екі тәулікте 14 теңгеге әлсіреді. Ресейлік сарапшылар, ахуал әне-міне тұрақталады деп отыр. Дейтұрғанмен, халық алаңдаулы. Бұл заңды да. Доллардың күшеюі депозитке қалай әсер етеді, жалақы не болмақ, теңгені валютаға айырбастаған жөн бе, әлде керісінше сатқан дұрыс па? Бұл сауалға Ұлттық банк төрағасы жауап берді.

Теңгенің бағамы Астананың ауа райы секілді қысқа күнде қырық құбылып тұр. Таңертең қар жауса, түстен кейін күн шығып көктем келеді. Күні кеше 318 теңге тұрған доллар бүгін 336-ға жетті.

Сарапшылар дәл қазір теңгені шетел валютасына айырбастап пайда таппайсыз деп отыр. Айырбас пункттерінде алып ұшып жүрген астаналықтарды көрмедік. Кейбір тұрғындар рубльдің әлсіреуін жақсылыққа балап жүр.

Жәнібек Исаев, кәсіпкер:

- Өте жақсы ғой. Бізге келетін тауардың 90 пайызы Ресейден. Тек 10 пайызы өзімізден шығаратын шығар.

Өткен жұма АҚШ санкциялық тізімге көрші елдің тағы 38 бизнесменін қосты. Соққы дәл тиіп, кеше Мәскеу биржасында «қаралы сейсенбі» орнады. Салдарынан бұл елдің белді бизнесмендері бір күнде 16 млрд. долларынан айырылып қалды.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы, бізде доллардың қымбаттауына экономикалық негіз жоқ. Ресейде болып жатқан құбылыстың әсері. Сыртқы сауданың 60 пайызы Ресеймен болғандықтан, бұл халықтың өзіндік реакциясы деп айтуға болады.  

АҚШ Ресейге санкция жарияласа, біздің ел «түбі не болар екен» деп, тақым қысып отыратыны шындық. Өйткені, біздің экономика Ресей экономикасымен Еуразиялық одақ аясында біте қайнасып жатыр. Көршімізге бағытталған санкцияның Қазақстанға тіке және жанамалы әсері бар. Тікелей әсері – теңге әлсіреді. Ал, Ресей экономикасы құлдыраса, біздің көрсеткіштердің кері кететіні заңды. Халық не істеуі керек? Бұл сауалды Ұлттық банк төрағасына қойдық.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Қазіргідей айырбас бағамы тұрақсыз тұрған сәтте біз тұрғындарды да, компанияларды да асығыс шешім қабылдаудан алыс болуға шақырып отырмыз. Асығыс шешім шығынға әкеліп соғуы мүмкін. Айырбас пунктерінде шет ел валютасы жеткілікті. Айырбас нарығында анау айтқандай дүрбелең жоқ.

Валюта бағамы, қаржы нарығы тіпті тұтас экономикалар геосаяси құралға айналғанын көз көрді. Бүгінгінің «атом қаруы» осы. Ал, 2014 жылдағыдай рубль екі есе күйреп, біздің тұрғындар ол елден заты екі есе арзан аламыз деген ой негізсіз. Ал, мұнай бағасы болса тұрақты 70 доллардың үстінде.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу