Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/-1 дәлізімен 9,25 % деңгейіне дейін төмендетті. Бұл туралы ведомство басшысы Данияр Ақышев айтты. Оның сөзінше, базалық ставка жыл басынан бері үшінші рет түсіп отыр. Қаржыгерлер бұл қадамға әлемдік нарықты тыңғылықты зерттегеннен кейін барып отыр. Өйткені, халықаралық қоғамдастықтың мүшесі саналатын Қазақстанның ішкі және сыртқы сауда нарығы шикізат көздеріне негізделген. Сондықтан, әлемдік сауда нарығындағы ахуал мен мұнай бағасының құбылуы елдегі экономикалық жағдайға әсер етеді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Бұл шешім орта мерзімдік бағалауға негізделеді. Бағалауға сәйкес, инфляция ағымдағы жылдың соңына дейін және келесі жылы баяулайды. Инфляциялық күтулер төмендейді. Сондай-ақ, сыртқы нарықтарда жағымды ахуал сақталады. Алдыңғы аптада Ресейдің қор және валюта нарықтарында болған жағдайға қарамастан, сыртқы сектордың орта мерзімді кезінде іргелі факторларының әсері оң деп бағаланады.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ