Тілшіміз тұратын үй карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тілшіміз тұратын үй карантинге жабылды

06.04.2020

Солтүстік Қазақстан облысында індетке шалдыққан 25 науқастың біреуі жазылды, басқаларының жағдайы қалыпты. Індет жұқтырғандардың 4-еуі - медицина қызметкері. Қала бойынша инфекция ошағы анықталған 11 үйдің подьезі карантинге жабылды. Ол үйдің тұрғындары сыртқа шықпайды. Солардың бірі әріптесіміз Сағындық Сәбитұлы.

Қизатов көшесіндегі бір үйде өткен жұма күні коронавирус дертіне шалдыққан бір адам анықталып, подьезд карантинге жабылды. Ауланы полиция қызметкерлері күзетуде. Науқас 3-інші қалалық емханада медбике болып жұмыс істейді. Қазір ол ауруханада, бірге болған әріптестері карантинде бақылауда. Ал үй тұрғындары есік алдына тек қоқыс шығаруға және әкелген азық-түлікті алуға ғана шыға алады. Ал жалпы аймақтағы ахуалды бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өкілетті орган қызметкерлері хабардар етті. Осыған дейін 5 және 7 жастағы екі баланың дертке шалдыққанын айтқанмын. Қазір олардың жағдайы қалыпты екенін айтады мамандар.

Жалпы өңірдегі барлық аудан орталықтары мен Петропавл қаласы және Келлеровка ауылы карантинге жабылды. Елді мекендерге кіріп-шығуға тыйым салынған. Тек арнайы рұқсаты бар көліктер ғана кіре алады. Бұған қоса, Петропавл қаласы 6 аумаққа бөлінді. Яғни, тұрғындар картада көрсетілген аудан шеңберінде ғана дүкен, дәріханаға бара алады.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу