Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 340-тан аспайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Жиында АҚШ-тың Ресейге қатысты санкцияларының Қазақстан экономикасына қаншалықты әсер ететіні талқыланды. Осыған орай, рубль бағамының өзгеруі бойынша бірнеше сценарий әзірленді. Тимур Сүлейменовтың айтуынша, рубльдің долларға шаққандағы бағамының үш межеге - 70, 80 және 90-ға дейін баратын үш түрлі жоспары қарастырылып отыр. Әзірше доллар 61-62-рубльдің маңайында. Оған мұнайдың бағасы да оң әсер етіп отыр. «Сондықтан, жақын арада қандай да бір үлкен өзгерістер болады деп айта алмаймыз», - деді министр.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Негізі, рубль бағамының өзгеруін тікелей теңгемен байланыстыруға болмайды. Себебі, біздің экономикамыз бөлек. АҚШ-тың санкциялары бізге тарамайды. Сондықтан, оның тікелей әсері жоқ. Пессимистік сценарий болған күннің өзінде ішкі жалпы өнімнің өсуі сақталады. Ертең біз Парламенттің жалпы отырысында әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырамыз. Онда теңгенің шекті бағамы 340 деп көрсетілген. Демек, Үкімет теңге бағамының одан ары өспейтініне сенімді.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Ақпарат және коммуникациялар министрінің айтуынша, жұмыстар екі бағыт бойынша жүргізіледі. Оның алғашқысында Орталық мемлекеттік органдар халық пен кәсіби кадрларға жан-жақты білім береді делінген. Ал, екінші бағыт бойынша ел тұрғындарын жергілікті атқарушы органдар оқытатын болады. Министрдің баяндамасына сәйкес, қазіргі таңда ел тұрғындарының цифрлық сауаттылығының базалық деңгейі 77 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.