Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейлі банктер халыққа көмектесуі тиіс. Атап айтқанда, қарызды өтеу мерзімін шегеру, несиенің үстемақысын төмендетуді қолға алуы қажет. Бүгінді таңда несие алғандардың 4 проценті, яғни 280 мыңнан астам адам төлемдердерді шегеру бойынша өтініш берген. Десе де банктермен әлі де келісімге келе алмай жатқан кәсіпкерлер көп. Ұлттық қордан қаржы алғанда қымсынбайтын екінші деңгейлі банктер сонда кімдерге жеңілдік жасайды?
Бүгінгі таңда 1 миллион 200 мың шағын және орта бизнес өкілдерінің 20 пайызы банктерге берешек. Қаржы нарығын реттеу агенттігі негізгі төлемдер мен проценттерді үш айға тоқтату туралы шешім шығарған. Сонда да қиыншылық көріп отырған салалар толық қамтылмаған. Себебі банк пен кәсіпкерлер арасында нақты келісім жоқ.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Ұлттық банк қарызды өтеу мерзімін ұзарту бойынша екі нормативтік құжат дайындағанын айтады. Ол бойынша енді банктерге жаңа міндет жүктеледі.
Төтенше жағдайда халықты қолдаудан банктер қалыс қалмауы тиіс. Ал тиісті механизмнің қашан іске қосылатыны туралы банктердің жеке сайтына кіріп ақпарат алуға болады.
Саламат ОМАШ