Еліміздің Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова, Мәскеу қаласында Ресейдің Есеп Палатасының жетекшісі Татьяна Голиковамен кездесті. Жиында аудит саласындағы екі елге де маңызды бірқатар мәселелер талқыға түсті. Мәселен, Қазақстанда «Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау» туралы заң қабылданған соң Есеп комитетінің құзыры анағұрлым күшейді. Енді бұл орган тек қаржының дұрыс игерілмегені жөнінде ақпарат беріп қана қоймай, оның себебін анықтайтын және заң бұзушылықтың алдын алатын сараптамалық жұмысқа кіріседі. Бұдан бөлек, Есеп комитетінің жұмысын цифрландыру да маңызды міндеттің бірі. Оны іске асыру үшін енді отандық мамандар шетелдік, соның ішінде ресейлік аудиторлардың тәжірибесін зерттегелі отыр. Сондықтан, кездесу кезінде тараптар кадрларды оқыту, аудиторлардың біліктілігін арттыру бағытындағы ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты.
Наталья Годунова, ҚР Есеп комитетінің төрайымы:
- Мемлекеттік аудиттің жаңа жүйесін дамыту - «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасындағы басым бағыттың бірі. Біздің алдымызда мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуын бақылау, мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау сынды маңызды міндеттер тұр. Ресей тарапы да өзіне осыған ұқсас мақсаттар қойып отыр. Сондықтан, біз ресейлік әріптестерімізбен осы мәселелерді талқылап, келешекте бірлескен іс-шаралар өткізіп, тәжірибе алмасуға келістік.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ