42 500 теңгелік жәрдемақы алу үшін есепшот ашуға асығудың қажеті жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осылай деп отыр. Мамандар жәрдемақы алудың шарттарынан «есепшотты көрсетіңіз» деген пункті алып тастады. Сәйкесінше, тек өтініш жазсаңыз жеткілікті. Банк карточкасын асықпай дайындауға бір ай уақыт беріледі. Мұның бәрі азаматтарымыздың ұзын-сонар кезекте тұрып, өміріне қауіп төндірмесі үшін жасалып жатыр.
Еңбек министрі барлық банктің басшыларымен, әлгі керекті есепшот ашып, карточкі дайындау қызметтерін азаматтарға онлайн жасап берудің мәселесін шешіп жатыр. Егер бәрі жақсы болса, банк, Қазпошта қызметкерлері дайын болған карточкаларды үйіңізге өздері жеткізіп береді. Жеткізіп те жатыр.
Банкке берешек, біреулерге қарыз болған азаматтардың есепшоттары бұғатталып жатыр. Содан қиын кезде қолдау ретінде берілген 42 500 теңге төлемді ала алмай, қиналып жүр. Үкімет бұл мәселені де шешпек. Атап айтсақ, 4-6 сәуір аралығында, 320 мың адамның шоттары бұғаудан босатылды.
Табысынан айырылған азаматтардың картасына түскен 42 500 теңге төлемнен несие қарызын ұстап қалмаңыздар. Қазір бүкіл банкке осындай тапсырма берілді.
Нұрбек БЕКБАУ