Қайтыс болғандардың атынан да 42500 жәрдемақыға өтінім түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайтыс болғандардың атынан да 42500 жәрдемақыға өтінім түскен

09.04.2020
Қайтыс болғандардың атынан да 42500 жәрдемақыға өтінім түскен

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 42500 теңге әлеуметтік төлемді алуға өтінімді бірнеше қайтара жібермеуді сұрады.

Ведомстводан мәлім еткендей, 42500 теңгені алуға өтінімді бірнеше рет беру мәліметтерді қарау мерзімін ұзартып жатыр. 

«Бастапқыда өтінімдерді қарап, деректерді тексеру мерзімі 7 жұмыс күні деп белгіленген еді. Осы орайда, төлемдерді тезірек жүргізу үшін өтінімдерді қарау барысы 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл ретте, атап өтерлігі, көптеген азаматтар өтінімдерін бірнеше қайтара жолдап жатыр. Мәселен, 8 сәуір түнгі 23.00-дегі жағдай бойынша, келіп түскен 3,1 миллион өтінімнің 1,3 миллионы екінші қайтара жіберілгендер», - делінген министрліктің хабарламсында. 

Барлық өтінім саналуан деректер қорында мұқият сүзгіден өтеді. Оның ішінде адамның аты-жөні, ЖСН мен банк шотының нөмірі, жұмысына қатысты мағлұматтар жіті тексеріледі. 

Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, 42500 теңге жәрдемақыны алуға жұмыс істеп жүрген және төлемді беру қарастырылмайтын санаттағы азаматтар өтінім берген. Олар ескірген немесе өзге біреудің банк шоттарын көрсеткен. Сонымен қатар, марқұм болып кеткен немесе шетелде тұратын тұлғалардың атынан да өтінім берілетіні белгілі болып отыр. Өтінім жолдаушылар арасында әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ешқашан қатыспаған, оған қаражат аудармаған азаматтар да бар. Мұндай 405 мыңнан астам жағдай анықталды. 

Осындай жағдайларды анықтап, қайталанып жіберілген өтінімдерді алып тастау үшін келіп түскен барлық 3,1 млн өтінімнің барлығын қарап шығу қажет. 

«Осылайша өтінімді қарау мерзімі созылып кетуі ықтимал. Сондықтан, азаматтардан, 3 жұмыс күнінен соң төлемді тағайындау туралы хабарлама алмасаңыздар да алаңдамауларыңызды сұраймыз. Әр өтініш бойынша ақпарат тексерілгеннен кейін міндетті түрде өтінім жолдаушыға қабылданған шешім жайы жеткізіледі. Төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректерін Мемлекетік әлеуметтік сақтандыру қоры «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жібереді, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін бағыттайды. Бұған дейін де хабарлағанымыздай, әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot мекенжайы бойынша Telegram бот арқылы беруге болады. Азаматтардан өтінімді бір рет қана жолдауды сұраймыз», - делінген хабарламада.

Хабарламаларға жазылу