Қызылордада вирус жұқтырған жүкті әйел аман-есен босанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада вирус жұқтырған жүкті әйел аман-есен босанды

09.04.2020

Сыр өңірінде эпидахуал күннен-күнге қиындап барады. Облыста індет жұқтырған науқастардың саны қазір 92-ге жетті. Вирустың таралу динамикасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан да жылдам өрбуде. Соңғы тәулікте 23 жағдай тіркелді. Соның ішінде, жүкті әйел де бар.  

Аты жаман індет жасты да, кәріні де, тіпті жүкті әйелді де айналып өтпеді. Қалалық перзентханаға түскен келіншектің ең әуелі дене қызуы көтеріліп, тұмаудың белгілері байқалғаннан кейін, бір өзін бөлек бөлмеге жатқызған. Ал одан алынған сынама нәтижесі оның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті. Ал біршама уақыттан кейін екіқабат әйел аман-есен нәрестесін дүниеге әкелген. Өкініштісі, жаңа туған шақалақты анасынан оқшаулауға тура келді. Қазір ана мен баланың денсаулығы дәрігерлер бақылауында.

Шиеліде жағдай шиеленісіп тұр. Соның ішінде, бір ғана Төңкеріс ауылында вирус жұқтырған 43 адам тіркелді. Небәрі 500-ден аса түтіні бар елді мекен тұрғындарының бейқамдық танытып, карантин талабын сақтамауынан осындай қиын жағдай қалыптасты.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу