Ресей мүфтиі ҚМДБ төрағасының үндеуін қолдауға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей мүфтиі ҚМДБ төрағасының үндеуін қолдауға шақырды

10.04.2020
Ресей мүфтиі ҚМДБ төрағасының үндеуін қолдауға шақырды

Ресей мұсылмандарының діни жетекшісі, мүфти Шейх Равиль Гайнутдин Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының мұсылман әлеміне жасаған үндеуіне қолдау білдірді.

Равиль Гайнутдин «Дұға – мұсылманның қорғаны» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін алға тарта келіп, Бас мүфтидің барша мұсылман қауымын 10 сәуір күні бір мезетте алақан жайып, дұға жасау туралы үндеуін зор ықыласпен қабыл алғанын жеткізді.

Сондай-ақ Ресей мұсылмандарын Қазақстанның бас мүфтиінің бастамасын қолдауға шақырды. Ол 27 наурыз күні бүкілресейлік мұсылмандар болып, Алладан Өзінің панасына алып, қорғауын дұға еткенін айта келіп, мұның нәтижесі болатынын алға тартты.

«Біз, Ресей мұсылмандары, қазақстандық бауырларымызды қолдаймыз. Сол үшін 10 сәуір, жұма күні намаз кезінде бәріміз бір мезетте алақан жайып, дұға жасап, Жаратушы Алладан мейірім-пана тілейміз. «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» игі бастамасын қолдаймыз», - деп атап өтті Равиль Гайнутдин.

Айта кетейік, осы аптада Бас мүфти Рамазанға дайындық жұмыстарын пысықтады. Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы жиыны өтіп, биылғы пітір садақасының мөлшерін анықтау, садақа және зекет беру жүйесін оңтайландыру, жамағат тарапынан оразаға қатысты сұрақтарға дер кезінде жауап беру мәселелері талқыланды. Бас мүфти осыған қатысты Шариғат және пәтуа, Ақпарат және қоғаммен байланыс, Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің меңгерушілеріне нақты тапсырмалар берді. 

muftyat.kz

Хабарламаларға жазылу