20-шы сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірқатар кәсіпорындар жұмыс істей бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20-шы сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірқатар кәсіпорындар жұмыс істей бастайды

13.04.2020

20-шы сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бірқатар кәсіпорындардың жұмысы жандана бастайды. Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын кезең-кезеңмен қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Бірінші кезең аясында 20-шы сәуірден бастап өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының, сондай-ақ қызмет көрсету саласының белгілі-бір секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Нақты қай кәсіпорындар ашылатындығы 15-сәуірде белгілі болады. Олардың жұмыс істеуі үшін қойылатын міндетті шарт — санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау. Премьер-Министр талаптардың сақталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Ал ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жұмысын бастауға ұсынылған кәсіпорындардың тізімін жариялады. Нұр-Сұлтан қаласында өнеркәсіп ошақтары, құрылыс, жол жөндеу кәсіпорындары, екінші деңгейлі банктер, химиялық тазарту, кір жуу орындары, техникаларды жөндеу станциялары, дөңгелеу жөндеу, көлік жуу орындары ашылуы мүмкін. Қоғамдық тамақтану орындарының тамақ жеткізу уақыты сағат 22:00-ге дейін ұзартылады деген жоспар бар. Бұл тізімді жергілікті әкімдік ұсынған. Осы секторлар қызметін қалпына келтірген соң шамамен 100 мың адам жұмысқа шығады.

Оңғар АЛПЫСБАЙ


Хабарламаларға жазылу