Ел өңірлерінде індет өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел өңірлерінде індет өршіп тұр

13.04.2020

Вирус жұқтырған науқастарды емдейтін медицина қызметкерлері де қауіпті кеселдің құрығына түсіп жатыр. Жалпы өңірлерде індет өршіп тұр. 

Кеншілер өңірінде бүгін 11 адам індетке шалдықты. Соның 4-еуі медицина қызметкері. Осылайша, облыста коронавирусқа шалдыққандар саны 76-ға жетті.

Шымкентте 3 азамат COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Ал коронавирус өршіп тұрған Сыр өңірінде де бүгін бір адам жазылып, үйіне жіберілді. Ал індет жұқтырып нәрестесін аман есен босанған қызылордалық ананың денсаулығы орташа екенін айтады дәрігерлер. Анасынан оқшауланған шақалақтың ағзасынан вирус табылмады.

Батыс Қазақстан облысында жаңадан үш адамның вирус жұқтыру дерегі анықталды. Соның бірі, науқастарға ем-дом көрсетіп келген провизорлық стационардың медициналық қызметкері. Қазір 49 жастағы мейірбикемен байланыста болған 7 адам оқшауланып, емдеу орны карантинге жабылды.

Сондай-ақ, Коронавирус жұқтырған адамның өміріне араша түсемін деп тынымсыз ем жүргізіп жатқан теріскейлік 5 медицина қызметкері де індетке шалдықты. Қатерлі инфекциядан сақтанбаса, кез келгенді құрығына түсіретінін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу