Қазақстан мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 390 мың барелльге қысқартады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 390 мың барелльге қысқартады

13.04.2020

Қара алтын бағасы күрт артты. Brent фьючерстері 4,5 пайызға өсіп, баррельі 33 долларға жақындап қалды. Бұған мұнай экспорттаушы елдер арасындағы тарихи келісім түркті болды. ОПЕК-ке мүше елдер мамыр айынан бастап қара алтын өндіру көлемін тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқартуға уағдаласты. Картельге мүше ел ретінде Қазақстан да бұл консенсусты қолдап, өндіріс көлемін тәулігіне 390 мың барелльге қысқартуға келісті.

ОПЕК-тің 4 күнге созылған осы отырысын «тарихи» деуге толық негіз бар. Өйткені картель мүшелері бұрын-соңды онлайн отырыс жүргізбеген. Коронавирус мұнай эскпорттаушы елдердің жиын форматына ғана емес, күн-тәртібіне де біраз өзгеріс енгізді.

Видеоконференцияға қатысқан энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қазақстанның осыған қатысты позициясын білдірді. Ведомство бүгін оны ресми түрде жария етті.

Енді министрлік 1-ші мамырға дейін қара алтынды қай компаниялар қандай көлемде өндіретінін бекітіп, тиісті пәрмендерін жария етеді. Яғни алдағы 17 күннен соң отандық алып мұнай зауыттары мен ұсақ компаниялар өндіріс көлемін тәулігіне 390 мың баррелге қысқартады деген сөз. Қысқаратын тек мұнай ғана емес дейді сарапшылар.

Қалай болғанда да мұнай қымбаттап жатыр. Бүгін Brent 33, WTI фьючерстері 24 долларға дейін жетті. Мұнаймен бірге ұлттық валюта да нығая түсті - долларға шаққандағы құны 437 теңге.

Ләйлә ДУЛАТ


Хабарламаларға жазылу