Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында шектеу шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында шектеу шаралары күшейтілді

14.04.2020

Пандемияға байланысты шектеу шаралары Шығыс Қазақстандағы аудандарда да енгізіледі. Ертеңнен бастап Риддер мен Курчатов қалаларында және де барлық аудан орталықтарында қауіпсіздік талаптары күшейтілмек.

Сондай-ақ Алматы облысы да түнгі сағат 12-ден карантинге жабылады. 17 аудан мен 3 қалаға кіріп-шығуға, елді мекендер ішіндегі қозғалыстарға тыйым салынып, халыққа медицина мекемелеріне, жақын маңдағы дәріхана, дүкендерге, күніне бір рет қана шығуға рұқсат беріледі. Карантин кезінде қызмет бабымен жүретін көліктерде жүргізушіні қосқанда үш адам ғана отыруы тиіс. Ал қоғамдық көліктегі жолаушылар үлесі 40 пайыздан аспау керек.

Ал Ақмола облысында COVID-19 дертін жұқтырған тағы 2 адам анықталды. Оның бірі - Көкшетау қаласының тұрғыны. Екіншісі - індет ошағына айналған әлеуметтік орталықтың қызметкері. 1995 жылғы келіншектің аяғы ауыр. Ол осы уақытқа дейін карантинде болған. Осылайша, Целиноград ауданындағы әлеуметтік орталықтан ауру жұқтырғандар саны 41-ге жетті. Оның үшеуі мекеме қызметкерлері.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу