Алматыда жуырда құрылысы басталған инфекциялық аурухана қорғандар маңына салынып жатыр. 280 адамға арналған госпиталь алдағы 1 аптада пайдалануға берілуі тиіс. Дегенмен, археологтар құрылыс аумағының дұрыс таңдалмағанын және бұлай жалғаса берсе қорғандар түгел жойылатынын айтып, наразылықтарын білдірді.
Қазір құрылыс жүріп жатқан инфекциялық ауруханадан шамамен 200 метр жерде мынадай 4 оба қатарынан жатыр. Тарихшылардың айтуынша, бұл сақ патшаларының қорғандары шамамен осыдан 2 жарым мың жыл бұрын салынған. Алайда, тарихи орындар аурухана аумағында қоршаудың ішінде қалайын деп тұр.
Госпиталь құрылысы археологтардың тұжырымынсыз басталған. Яғни, мұнда алдымен археологиялық, геофизикалық зерттеу жүргізілуі тиіс екенін айтады археолог Арнабай Нұржанов. Оның сөзінше, біріншіден тарихқа қиянат, екіншіден, аталған қорғандар биікте орналасқандықтан, бұл маңда құрылыс жүргізу ақылға қонымсыз.
Қалалық әкімдік өкілдері бұл мәселеге қатысты әзірге жауап берген жоқ. Алдағы күндері түсініктеме береміз деп құтылды. Ал 21 сәуірде жұмысын бастайтын инфекциялық аурухананың құрылысы басталғалы бір сәтке де тоқтамады. Қазір 250-ден астам жұмысшы тәулік бойы үш ауысыммен жұмыс істеп жатыр.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ