Індетпен күреске тартылған дәрігерлер үстемақыларын алуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Індетпен күреске тартылған дәрігерлер үстемақыларын алуда

14.04.2020

Елімізде өз басын қатерге тігіп, ауру ошақтарында үй бетін көрмей, адал еңбек етіп жатқан дәрігерлер мыңдап саналады. Қоғам қауіпсіздігі үшін жанқиярлықпен жұмыс істеп жүрген ақ халаттылардың еңбегін ақшамен ғана өлшеу жөн болмас.

Індетпен күреске тартылған дәрігерлер аз емес. Оларға қазір үстеме ақы беріліп жатқаны белгілі. Мәселен, қарағандылық 3 мың медицина қызметкері қосымша үстеме ақы алды. Төлем мөлшері сағат санына және қызметкердің біліктілігіне байланысты. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен тағы 1677 маманға қосымша төлем жасалды. Оның ортақ сомасы 197 миллион теңгеден астам.

БҚО да жыл басында ашылған Бәйтерек аудандық провизорлық стационарында үш дәрігер мен 16 медициналық қызметкер індетті дер кезінде анықтайды. Стационар 30 науқасқа арналған. Мұнда түскендердің саулығы мамандардың ұдайы назарында.

Қиын қыстау кезеңде қалтарыста қалмай қатерлі дертпен күрестің алғы шебінде жүргендердердің еңбегі елеуге тұрарлық. Алайда, жұқпалы індеттің көпшілікке тарап кетпеуіне әрбір азамат атсалысса игі.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу