COVID-19 індетінің дүниежүзінде кең таралуы қарапайым халыққа да, түрлі саладағы бизнес өкілдеріне де ауыр соққы болды. Онлайн жүйеде жұмыс істейтін ірі компаниялар карантин режимінен пайда көріп жатса, тұтынушымен бетпе-бет қызмет көрсететін сала өкілдері дағдарыс алдында тұр. Солардың бірі - сән әлемінің өкілдері. Сән апталықтары тоқтап, дүкендердің жұмыс істемеуі және фото түсірілімдердің болмауы салдарынан бұл сала үлкен өзгерістерге баруда.
Милан, Париж, Нью-Йорк және Лондон. Коронавирусқа байланысты карантин режимінен сән әлемінің «төрт астанасы» бүгінде бос тұр. Жыл сайын кемінде екі реттен түрлі әлемдік брендтердің көрсетілімін қабылдау мүмкін емес. Сондықтан, сарапшылар дизайнерлерге өз туындыларын виртуалды түрде онлайн өткізуді ұсынып отыр. Мұндай қадамға алғашқы болып Италияда қатаң карантин енгізілер алдында әйгілі дизайнер Джорджио Армани барған болатын. Ол өз коллекциясын бос залда онлайн көрсетті.
Сән әлеміндегі тағы бір өзгеріс - танымал фэшн-жураналдардың басты бетінде модельдер емес, коронавируспен алдыңғы шепте күресіп жүрген дәрігерлердің суреттері пайда бола бастады. Бұл сұранысқа ие атақты модельдерді уақытша болсын жұмыссыз қалдырып отыр.
Жұмыссыз қалған тек модельдер емес, алдағы уақытта әйгілі брендтер де банкрот болуы мүмкін. Айта кетсек, H&M компаниясының сатылым көрсеткіші наурыз айының өзінде 50 пайызға құлдырады. Ал Debenhams, Oasis және Warehouse компаниялары өздерінің төлем қабілетсіздігі туралы мәлімдеді.
«Трендтен қалма!» Бұл - сәнқойлар әлеміндегі басты ұран. Осыған орай әйгілі бренд өкілдері қымбат әтір мен коллекциялық көйлек орнына, вируспен күресу үшін санитайзер, бетперде жасап кетті. Италиялық Armani Group өз фабрикаларында бір реттік медицина киімдерін тігуге көшсе, Prada, Louis Vitton, Burbbery, Dior секілді алпауыттар да медицина қызметкерлері үшін қажетті құрал-жабдықтар өндіруге көшті.
Дереккөз: ВВС