Түркістан облысында әжелер медициналық бетперде тігуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында әжелер медициналық бетперде тігуде

16.04.2020

Коронавирус әлемді үйрейлендіріп жатқан кезде Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы әжелер оған қарсы күш біріктіріп, тынымсыз еңбек етіп жатыр. Жігірген ауылындағы оншақты апа өз қаржыларына мата мен ине-жіп сатып алып, індеттен қорғаныш болар медициналық бетперде тігуге кірісті.  

Ауыл әжелері бір аптадан бері бел жазған жоқ. Күні бойы шұқшиып тігіс тігеді. Жайшылықта анда-санда мазалайтын тізенің қақсағаны мен белдің шойырылғанын, көздің жасаурайтынын да елең қылмайтын болып алды. Дәкеден қабаттап тұрып тігілген тұмшалардың тігісі жатық, сапасы да жақсы.

Әжелер тіккен қорғаныш құралдарын еріктілермен қосылып өздері де таратуға көмектеседі. Ауылдастарын түгел танитындықтан оның мұқтаж болып отырған отбасыларға тегіс жетуін қадағалайды.

Әжелер өздерінің бұл ісін әлеуметтік желі арқылы көпке үлгі етіп, қыз-келіншектерге эстафета жолдады.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу