Қарағандыда жер қатынастары бөлімінің мамандары мен оларға пара алуға жағдай жасап отырған делдал әйел ұсталды. Күдіктілер жерге қатысты сұрақпен алдына келгендерді «заңды кедергілер бар» деген сылтаумен кері қайтарып отырған. Кейін екінші мәрте келгенде мәселе тез-ақ шешіле кеткен. Жер қатынастары саласында тұрақты сипат алған бұл жағдай жемқорлыққа қарсы қызметтің күмәнін туғызған. Тексеріс барысында мемлекеттік қызметкер мен құжат жинап сабылғандар арасында делдал болып, мәселені 1 миллион теңгеге шешіп беріп отырған әйел ұсталған. Түскен қаржыны теңдей бөлісіп отырған мемлекеттік қызметкерлердің де қолына кісен салынды. Олардың үстінен пара алды, ал, делдалға сол қылмысқа ықпал етті деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды.
Русдан НҰРЛАНҰЛЫ