Қытайдың Ухань қаласында коронавирусқа қатысты статистика өзгерді. Құжатқа сәйкес, қалада 3869 адам көз жұмған. Бұл – бұрынғы көрсеткіштен 1290-ға артық. Инфекция жұқтырғандар қатары да 325 науқаспен толықты. Қала билігі мұны деректердің уақтылы тіркелмеуімен түсіндіріп отыр. Сонымен қатар, Қытайдың жалпы ішкі өнімі 28 жылдан бергі рекордтық көресткішке төмендегені белгілі болды.
Вирустан теңселген экномикасын түзетуге Америка да асық. Ақ үй басшысы карантинді тоқтату жөніндегі жоспарын жариялады. Оған сәйкес, әр штаттың губернаторы карантиннен шығу туралы шешімді өздері қабылдайды.
Ал Тәжікстан – коронавирус тіркелмеген санаулы мемлекеттердің бірі. Ел билігі әлемде індеттің тарап жатқанын ести сала темір жол, көлік және әуе қатынастарын тоқтатып, шекарасын жапты. Бұл - вирустың елге жетпеуінің бірден бір себебі екенін айтады мамандар. Шетелден барған 8 мыңдай адам тексеріліп, олардың 2 мыңы оқшауланған. Қауіптің алдын алу үшін карантин аймақтары құрылып, Душанбеде ірі мерекелік шараларға тыйым салынып отыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ