Елімізде төтенше жағдай жарияланғанына бір айдан аса уақыт өтсе де режимге бағынбайтындар әлі де көптеп кездесуде. Енгізілген шектеуді шенділер де шекпенділер де елемей, жауапқа тартылып жатқан жайттар жетерлік.
Көкшетауда жемқорлықпен күрес жүргізетін қызметкерлердің өзі қалада карантин енгізілгеніне қарамастан моншаға барған. Құзырлы орган қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс басталды.
Батыс Қазақстан облысының шекарашылары 3 миллион 165 мың дана медициналық бетпердені Ресейге алып өтпек болғандарды ұстады. Заңсыз тауар тиеген 4 жүк көлігі Алматыдан Мәскеуге бағыт алған. Тәркіленген өнімнің құны,шамамен, 380 миллион теңге.
Алматы облысындағы Береке ауылының тұрғындары елді мекендегі дәрігерлік амбулаторияның уақытша провизорлық стационарға айналуына қарсы шығып, дау шығарды. Ауылға тараған ақпаратты бұрыс түсінген бір топ адам түнгі 12-лерде ғимаратқа басып кірген. Төсек орындарды сыртқа лақтырып, есік-терезелерді сындырған. Осыған орай, бұзақылық дерегі бойынша 7 адам қамауға алынды.
Коронавирус індеті өршіп тұрған Сыр өңірінде Ақжарма ауылындағы балабақша ұжымы демалыс күндері сенбілікке жиналып, тазалық шарасының соңы туған күнге ұласқан. Ал Ақтауда 4 азамат ішімдік ішіп, түн ортасында тұрғындардың мазасын қашырған.
Екібастұзда тұтынушылардың үйіне тағам жеткізіп беруші курьердің ерсі әрекеті елдің жағасын ұстатты. Пицца тасушы 19 жасар жігіт лифтіде тағамның бетін ашып, дәмін көріп қана қоймай, түкірген. Жедел сатының ішіндегі камераға жазылған видео әлеуметтік желіге тарап, ол өз кінәсін мойындап, кешірім сұрады. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Әділбек.СЕРІКҰЛЫ