Көлік прокурорлары кәсіпкерлерді 500 млн теңге төлемінен босатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлік прокурорлары кәсіпкерлерді 500 млн теңге төлемінен босатты

23.04.2020
Көлік прокурорлары кәсіпкерлерді 500 млн теңге төлемінен босатты

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында көлік прокуратурасы органдары төтенше жағдай кезеңінде уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда.

Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері де ерекше бақылауда.  

Қадағалау аймағындағы жағдайға күнделікті мониторинг жүргізу барысында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының теміржол станциялық жолдарында жүк вагондарының көп шоғырлану себептері зерделенді.

Карантиннің енгізілуіне байланысты 31 наурыздағы жағдай бойынша тек Нұр-Сұлтан қаласында 10-нан астам коммерциялық ұйымның 50-ден астам вагоны тоқтап тұрғаны анықталды.  

Бұл ретте, аталған кәсіпкерлерге вагондарды пайдаланудың әр күні үшін сома және жылжымалы құрамдарда жүктерді сақтау үшін алым есептелген.

Сондай-ақ, жүк жөнелтушіні тасымалдау жоспары бойынша өтінімді орындамағаны үшін айыппұл түрінде жауапкершілікке тарту мәселелері де туындауы мүмкін еді.

Алайда адамдардың шектелмеген тобының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сол күні Бас көлік прокуратурасымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға кәсіпкерлерді жоғарыда аталған төлемдерден босату және оларды жүк тасымалы жоспарын орындамағаны үшін жауаптылыққа тартуға жол бермеуге байланысты мәселені қарастыру туралы хат жолданды. 

Оны қарау нәтижелері бойынша Ұлттық темір жол тасымалдаушысы 500 млн теңгеден астам айыппұл мен тиісті алымдарды төлеуден 1 мыңнан астам кәсіпкерді босату туралы шешім қабылдады. 

Дереккөз: Бас көлік прокуратурасы

Хабарламаларға жазылу