Аймақтарда қатерлі індеттен 2 науқас көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда қатерлі індеттен 2 науқас көз жұмды

24.04.2020

Қатерлі індет бүгін тағы екі науқастың өмірін жалмады. Маңғыстаулық 40 жастағы азамат бір апта бойына ыстығы көтеріліп ауырған. Дәрігерлер екінші қайтара зертханалық сынама алғанда барып, оның індет жұқтырғаны белгілі болды. Әскери қызметкер Ақтау қаласын дезинфекциялау жұмыстарына қатысқан екен. Марқұмның артында 5 баласы қалды.   

Ал Шымкент қаласына коронавирус індеті жайылғалы осы дерттен төртінші адам көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың дертінің дендеп кетуіне өзге аурулары да себеп болған. Жүрек ауруы мен қан қысымынан бөлек 52 жастағы азамат қант диабетіне және семіздікке шалдыққан. Осы сырқаттардың салдарынан өкпесі қабынған. Көптен бері төсек тартып жатқан науқас соңғы бір жарым ай бойы үйінен ешқайда шықпапты. Сондықтан да оның жұқпалы сырқатты қайдан жұқтырғаны белгісіз болып отыр.

Сондай-ақ бүгін Шымкентте вирус жұқтырған науқастар қатарына тағы 6 адам қосылды. Оның 5-еуі Шымкент қаласының тұрғыны. Ең кішісі 4 жасар бала. Ал алтыншы науқас Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны. Осылайша Шымкент қаласында індетке шалдыққандар саны 139-ға жетті.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу