Түркістан облысында 1 айлық сәбиден коронавирус анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 1 айлық сәбиден коронавирус анықталды

24.04.2020

Елімізде қауіпті кеселге шалдыққандардың саны күн санап көбейіп барады. Түркістан облысында 1 айлық шақалақтан коронавирус анықталды. Созақ ауданы, Таукентте тұратын отбасына індеттің қалай жеткені белгісіз. Бір қызығы, ата-анасынан вирус анықталмаған. Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің жағдайы тұрақты. Дене қызуы 36.8. Нәресте тым кішкентай әрі емізулі болғандықтан, анасымен Таукенттегі провизорлық орталыққа, арнайы палатаға жатқызылды.

Ал кеше Ресейден Ақтөбе қаласына жеткізілген 222 студенттің 18-і Covid-19 вирусын жұқтырған. Облыстың бас дәрігері олардың көрші мемлекетте медициналық тексерістен өткізілмегенін айтты. Көбі Түркістан, Жамбыл облыстары мен Алматы, Нұр-Cұлтан қалаларының тұрғындары.

Жамбыл облысында қатерлі кеселге шалдыққандардың 13 жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Барлығы тараздық тұрғындар. Олардың ішінде 92 жастағы қария да бар.

Ал Атырау облысында 82 жастағы ақсақал коронавирустан айығып шықты. Дәрігерлердің айтуынша, жұқпалы инфекция қарт адамның бұрынғы ауруын қоздырып, жүрек қан тамырларына әсер еткен.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу