Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 170 миллиард теңге бөлінген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 170 миллиард теңге бөлінген

26.04.2020

Көктемгі дала, егін жұмыстарын жүргізуге 170 миллиард теңге бөлінген. Онсыз да бейнеті көп жұмыстың төтенше жағдай қалыптасқан қазіргі уақытта тіпті қиындай түскені белгілі. Өнімдері пісіп үлгерген оңтүстіктің шаруалары өткізу проблемасын, тағы бір фермерлер жанар-жағар майдың қымбаттығы мен сапасыздығын көтеріп, шарасыздықтан бейнежазбалар таратты. Сол баяғы бюрократияны, бөлінген ақшаны ұсақ шаруалардың ала алмайтынын сенаторлар да хатқа тізіп, үкіметке жолдады.  

Биылғы жылдың 1 наурызына дизель отынының 1 тоннасы 194 мың теңге болса, бүгін 174 мың теңгені құрап отыр. Яғни 1 литріне 145 теңгеден келеді. Оған транспорт және сақтау шығындарын қосқанның өзінде 160 теңгеден аспайды. Олай болса ауылшаруашылығы тауар өндірушілері неге 165 теңгеден алулары керек? Өзімізді өзіміз алдауымыздың қажеті қанша? 

Көктемгі дала жұмыстарын ерте бастаған оңтүстік өңірлерде алғашқы өнімдер жинала бастады. Бүгінгі таңда тек Түркістан облысы бойынша 300 мың тонна қырыққабат, 70 мың тоннадан астам қияр мен помидор пісіп, дайын тұр. 

Шаруалар, төтенше жағдайға байланысты құрылған блок бекеттерден өте алмай, көп қиындықтар көруде. 

«Көктемнің бір күні жылға азық» деген қанатты сөздің мазмұны қазіргі жағдайда тіпті тереңдей түсті. Экономикалық ахуал нашарлап кетсе, бейнелеп айтқанда, қара су табармыз, қара нанды кім береді? Оның үстіне, мұнай бағасы түсіп кетті, не сатып, бюджет толтырамыз? Аптада Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері «бәрі ойдағыдай өтеді» деп мәлімдегенін айта кетейік.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу