Қазақ тіліндегі тұңғыш басылым «Түркістан уәлаятының газетінің» жарыққа шыққанына - 150 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ тіліндегі тұңғыш басылым «Түркістан уәлаятының газетінің» жарыққа шыққанына - 150 жыл

28.04.2020
Қазақ тіліндегі тұңғыш басылым «Түркістан уәлаятының газетінің» жарыққа шыққанына - 150 жыл

«Түркістан уәлаятының газетінің» жарық көргеніне - 150 жыл.

1870 жылы Ташкент қаласында тұңғыш қазақ басылымы - «Түркістан уәлаятының газеті» жарыққа шықты. Газет «Түркістан ведомостарына» қосымша ретінде айына екі рет, екі тілде шығып тұрды.

1870-1882 жылдар аралығында Ташкент қаласында «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет екі тілде (екі саны қазақ тілінде, екі саны өзбек тілінде) шығып тұрды.

Басылым қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымының молаюына елеулі әсер етті.

Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлиханов туралы ана тіліміздегі тұңғыш мақала осы газетте жарияланды. Сонымен қатар, қазақ хандары, қазақтың тегі, үш жүздің арғы түп атасы саналатын Алаш туралы деректер, жарлықтар, егін егу, мал шаруашылығы, қазақ елінің басқа елдермен қарым-қатынасы, темір жол, алғашқы телеграф, пошта қатынастары, кен қазу, металл, көмір өңдіру, саяси-экономикалық, оқу-ағарту мәселелері, алғашқы сын, зерттеу мақалалары да жарық көрді.

«Түркістан уалаятының газетіне» қатысты 5 дерек:

1. «Түркістан уәлаяты» қазақ баспасөзінің тұңғышы дегенімізбен, алғаш ашылған кезде бұратана халықтарға ақ патшаның саясатын сіңіру мақсатында құрылған болатын.   

2. Газеттің тұңғыш редакторы – Шаһмардан Мирасұлы Ибрагимов ұлты башқұрт болса да, генерал-губернатордың тілмашы болып патша өкіметіне қызмет атқарса да, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және шығыстың көптеген тілдерінде еркін сөйлеген.   

3. Басылым күнделікті мақаладан басқа «Ғылым хабары» деген айдармен ғылым мен техника жаңалықтарын жеткізіп отырған. Одан бөлек, Түркістан өлкесінің таулы аймақтарында жердің сілкінгендігін үзбей хабарлап тұрған және халық алғаш рет 1870 жылдың 10 желтоқсандағы санында күн тұтылатындығын, оның себеп-салдарын осы газеттен оқып білген. 

4. Шоқан Уәлиханов пен оның зираты туралы алғашқы деректерді осы газет бетінен кездестіреміз. (Газеттің 1870 жылғы 3-нөмірінде басылған мақалада Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның Шоқанның Алтынемелдегі моласын барып көргендігі, оның халқына абыройлы, үлкен ғалым екендігі, моласының күйдірген кірпіштен жасалса да, бұзыла бастағаны, ал ағаш есікке жазылған сөздер мүлдем өшіп кеткені, сондықтан Кауфманның Шоқан басына қоятын құлпытасты Алматыдағы ұстаға тез уақытта жасауға бұйрық бергені жазылған).    

5. Белгілі шығыс зерттеушісі Н.П.Остроумов «Түркістан уәлаятының газетін» өз кезінде І Петр шығартқан «Ведомстволармен» салыстырып, ол Ресей үшін қандай рөл атқарған болса, Орта Азия халықтарының мәдени өмірінде «Түркістан уәлаятының газеті» де сондай рөл атқарды деген тұжырым жасаған.

Дереккөз: e-history.kz

Хабарламаларға жазылу