«Астана» қаржы орталығымен жұмыс істейтін инвесторларға жеңілдік жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана» қаржы орталығымен жұмыс істейтін инвесторларға жеңілдік жасалады

04.07.2018

Алдағы жылдан бастап Астанадан Сингапур, Токио, Нью-Йорк бағыттары бойынша әуе қатынастары ашылады. Осылайша, Астана әлемнің 9 қаржы орталығымен тікелей әуе қатынасы арқылы байланысады. Бұл туралы Astana Finance days форумында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Астана» қаржы орталығы - қаржы операцияларынан бөлек, әлеуетті салалар бойынша жұмыстар атқармақ. Осы мақсатта Masterсard, Visa, Microsoft сияқты ірі компанияларымен әріптестік орнады. Бұдан бөлек, баламалы энергетика саласындағы жобаларды қаржыландыру жоспары бар. Еліміз бұл орталықты әлемдік қаржы жүйесінің бір бөлігі ретінде қарастырып отыр. Осы ретте қаржы орталығымен жұмыс істейтін инвесторларға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Олардың ішінде салық төлемдерінен 50 жылға босату, визалық жеңілдіктер бар. Сондай-ақ, орталық жыл соңына дейін 100-ге жуық компаниямен келісім жасауға ниетті. Ал, 2030 жылға дейін 30 млрд. доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

- «Астана» халықаралық қаржы орталығы «жасыл» қаржыландыру құралдарын, механизмдерін және стандарттарын енгізу үшін тиімді алаңға айнала алады. Бұл орайда, клинтек саласында «жасыл» қаржылар құзыреті орталығы, сонымен қатар, БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылып, жұмыс істеп жатыр.

 

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу