Сыр өңіріндегі күрішшілер су тапшылығын көруі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңіріндегі күрішшілер су тапшылығын көруі мүмкін

28.04.2020

Сыр өңірінде күріш егу науқаны басталды. Көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана кіріскен аймақ дихандары биыл 88 мың гектар жерге дақыл сіңірмек. Дегенмен, ырзық-несібесін жерден табатын шаруалар үшін егін маусымы оңайға соқпайын деп тұр.

Арзандатылған жанар-жағармай мен тыңайтқыштар шаруаларға қажетті мөлшерде жеткізілді. Алайда су тапшылығы әлден байқалады. Сырдарияның деңгейі жылдағыдан әлдеқайда төмен түсіп кеткен. Сондықтан, жазда егістікке су жеткізу қиынға соғатынын мамандар да ашық айтып отыр.

Сырдарияның жағасында егінін егіп, тіршілік еткен қызылордалықтар суға келгенде өзгелерге тәуілді болып тұр. Сондықтан су мамандары ерте көктемде дабыл қағып, күріш егістігін жылдағыдан 13 мың гектарға азайтуды сұраған. Қуаңшылық болады деген ескертуге қарамастан, Сыр маржаны былтырғы межеде егілді. Бірақ сарқылып аққан дария егіс алқабына түгелдей жете ме? Осы сауал көпті алаңдатады.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу