Алматыда да 3-кезең бойынша бірқатар кәсіпорын бүгіннен бастап жұмысына кірісті. Атап айтсақ, шаштараз, гүл сататын дүкендер, фотосалон, ақша айырбастау пунктері, аяқ киім жөндеу орындары, химиялық тазалау, баспа ісі кәсіпорындары мен жылжымайтын мүлік бойынша қызмет көрсететін компаниялар бірте-бірте ашылып жатыр. Бірақ, қызметкерлердің 50 проценті ғана жұмысқа шыға алады. Мамандар осы аптаның соңына дейін аталған салалар бойынша 40 мыңға жуық адам қызметіне қайта оралады деп отыр. Ал бұған дейін тексеруден өтіп, мақұлданған кәсіпорындарда қазір 200 мыңнан астам қызметкер жұмыс істеуде.
Көптеген нысанның ашылуына байланысты полиция департаменті қала ішіндегі тосқауыл бекеттердің де жұмысын тоқтатты. Бұл бекеттерде көлік жүргізушілерін бақылаған полицейлер енді адам көп шоғырланатын орындарға жұмылдырылды. Дегенмен, қала мен Алматы облысының шекарасында орналасқан 27 блок пост қалыпты жағдайда жұмыс істей береді.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ