Мысырдың туризм министрі Халед аль-Анани елдегі туристік аймақтар шетелдіктер үшін біраз уақытқа дейін жабық болуы мүмкін екенін жеткізді. Оның айтуынша, шетелдік қонақтардың келуі Мысырдағы және әлемдегі пандемияның бәсеңдеу кезеңінде ғана қарастырылады.
Халед аль-Анани көптеген мемлекеттердің басшылары туристік аймақтарды маусым айының ортасына қарай ашуды сұрағанын айтуда. Министр бұл сұрақ билік өкілдері арасында талқыланып жатқанын және коронавирустың алдағы уақытта таралу деңгейіне қарай шешімін табады деді. Маусым айында бірқатар туристік орталықтарды ашқан күннің өзінде шетелдік қонақтарда COVID-19 инфекциясын жұқтырмағанын дәлелдейтін құжаттары болуы тиіс. Сонымен қатар, 48 жастан асқан адамдарға елге қыдырып келуге тыйым салынуы мүмкін.
Мысыр үкіметінің шешіміне сәйкес әзірге туристік аймақтарға 1 маусымнан бастап тек мысырлықтар ғана бара алады. Дәл қазір елдегі барлық курорттардағы қонақ үйлер, мейрамханалар, туристік компаниялар мен базарлар жабық. Соның салдарынан Мысыр экономикасы ай сайын 1 млрд АҚШ долларын жоғалтуда дейді сарапшылар.
Egypt Independent