Мақтаралда ауданында су деңгейі түсіп келеді. Су алған аумақтарға қойылған өлшеу құралдарынан 3 сағат сайын мәлімет алынуда. Атап айтсақ, Жеңіс елді мекенінде су деңгейі 2 см-ге төмендеген. Жаңатұрмыс ауылында 3 сантиметрге, Өргебас ауылында 6 см-ге азайған. Арай елдімекенінде 4 см-ге төмендеген. Алайда Жетісай ауданындағы екі елді мекенде жағдай әлі тұрақсыз.
Бес ауылдың босағасына блок посттар қойылған. Әскерилер су алған мекенге ешкімді кіргізбей отыр. Әйтпесе қаңғырған судың ортасында қалып қою мүмкін. Кеше ғана төтеншеліктер бір түйір құрғақ жер қалмаған Жеңіс ауылынан 25 адамды қайықпен алып шықты.
Ертең Роман Скляр бастаған мемлекеттік комиссия мүшелері Мақтааралға келеді. Су басқан үйлерді, инженерлік желілерді қалпына келтіру мәселелерімен айналысады. Мүмкін суға тұншығып жатқан екі ауылды басқа жерге көшіруі де мүмкін.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ