Түркістан облысында су тасқынынан келген шығын толық өтеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында су тасқынынан келген шығын толық өтеледі

05.05.2020

Мақтаарал ауданындағы 7 ауылды әлі де су басуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты. Ал екі елді мекенде Мырзакент және Ақ жол мекендерінде қауіп сейілді. Тұрғындар үйлеріне қайтты. Әсіресе 15 мың халқы бар Мырзакент елді мекеніне су жібермеу амалдары қарқынды жасалды. Ал Өзбекстан тарапы өз техникаларымен біздің аймақтағы коллекторды тазалауға көмектеседі. Күні-кеше Түркістан облысы әкімі бастаған топ көрші елге барып, өңірдегі мәселені шешу жолдарын талқылаған. Айта кетейік, Түркістан облысында су тасқынынан келген шығын толық өтеледі. Қазір арнайы құрылған комиссия тасқыннан келген шығын көлемін есептеп жатыр. Осы ретте, өңір басшысы су басқан үйлерде қалған мүліктерге қандай зардап келгенін есептеу қиын болатынын баса айтты. Сондықтан, эвакуацияланған әр тұрғынға өтемақы белгілеу дұрыс болатынын айтты. Бұдан бөлек, 7 мың гектар егістік алқабына шығын келді. Соның бәрін қайта есептеп, оны да өтеуге көмек беру қажет. Жергілікті биліктің әзірге негізгі жоспары осындай.   

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу