Коронавирус індетінен Шымкентте тағы бір науқас қайтыс болды. Бұл қалада қатерлі індеттен көз жұмған алтыншы адам. Қаратау ауданында тұратын 65 жастағы әйел осыдан он күн бұрын вирусқа тән белгілермен жұқпалы аурулар аурханасына жатқызылған болатын. Арада үш күн өткенде науқастың жағдайы күрт нашарлап кеткен. Ол жансақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылады. Бірнеше мәрте қайталап алған зертханалық сынамалар нәтижесінде оның коронавирус жұқтырғаны расталды. Дәрігерлер дертке қарсы ем шаралар жүргізгенімен науқастың бұған дейін сырқаттанып жүрген өкпе, ұйқы безінің және өттің қабынуы секілді созылмалы аурулары өршіп түскен. Аурудың дендеп кетуіне қан қысымының жоғары болуы және семіздікке шалдыққаны да себеп болған. Науқас бүгін түс кезінде жан тәсілім етті.
Ғани ҚАЛМАХАН