Алматыда эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Дер кезінде қабылданған алдын-алу шараларының арқасында індет жұқтыру өсімі күніне 27 пайыздан 5%-ға дейін азайған. Мамандар бұл көрсеткіш те бара-бара төмендейді деп отыр. Алайда, босаңсуға болмайтынын қатаң ескертті.
Елімізде коронавирус жұқтырғындар арасында Алматылықтар көш ілгері. Соңғы ахуалға сай мұнда індет ілмегіне 1593 адам іліккен. Қазір қалада 300-ден астам адам міндетті карантинде. Бір қуантарлығы сырқаттанғандардың басым бөлігі инфекцияның жеңіл түрін жұқтырған.
Мегаполисте вирус дендеп кетпеуі үшін бірталай ауқымды шаралар қолға алынды. Әу баста вирус жұқтырғандар оқшауланып, олармен қарым-қатынаста болғандар бақылауға алынға еді. Індет ошақтарын анықтау үшін профилактикалық скрининг әдісі енгізілген. Бұл әдістің арқасында сәуір айында инфекцияны жұқтыру деңгейі 6%-дан асқан жоқ. Қазір тіпті 5-ға төмендеп кеткен. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін 85 мыңға жуық адам инфекцияны анықтайтын тесттен өтіпті.
Айта өтейік, қалада ПЦР диагностикасының ауқымы, яғни контингенті кеңейтілген. Бастапқы кезеңде ПЦР-тест жүргізетін 2 зертхана болса, қазір 6-ға жетіп отыр.
Ләйла ДУЛАТ