Мақтарал ауданында топан су басқан кезде 4 мектеп пен 6 балабақша көлкіген суда қалды. Сондай-ақ 4 медициналық мекеме мен бір мәдениет үйінің іргетасы бүлініп, қабырғасы үгітіле бастаған.
Мамандар су ортасында тұрған 4 мектептің үшеуін жөндеу жұмыстарының арқасында қайта қалпына келтіруге болады деген ұйғарым жасап отыр. Ал «Нұрлы жол» ауылындағы білім ұясының орнына жаңасы салынбақ. Оның құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ топан судан медициналық емдеу мекемелерінің де біразы бүлініп қалды. Бір дәрігерлік амбулатория және 4 фельдшерлік акушерлік пункт қауіпсіз аумаққа көшірілді.
Апат шығындарын есептеу үшін аймақта арнайы комиссия құрылуда. Олар елді мекен ішіндегі су тартылған соң ғана іске кіріседі.
Бүгін Қоғамдық денсаулық басқармасының көмегімен мақтаралдық 152 оқушы емдік сауықтыру шипажайына демалуға аттанып кетті. Олар мұнда ем алумен қатар сабақтарын да жалғастырады. Сондай-ақ созылмалы сырқаттары бар 31 зейнеткер де оңалту кешенінде денсаулықтарын тіктеп қайту үшін жолға шықты.
Ғани ҚАЛМАХАН