Теңіз кенішінде вирус жұқтырғандардың саны 400-ге жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңіз кенішінде вирус жұқтырғандардың саны 400-ге жуықтады

14.05.2020

Атырау облысындағы Теңіз кенішінде вирус жұқтырғандардың саны 400-ге жақындады. Бүгін тағы жиырма бес жұмысшының инфекция жұқтырғаны анықталды. Індет өршіген аймаққа Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов арнайы барды. Шұғыл жиын өтіп, өңірдегі эпидемиялогиялық ахуалдың жай-күйі пысықталды.

Елімізде эпидахуалдың қазіргі деңгейі 2-3 процентті көрсетіп тұр. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, індетті жеңу үшін, карантиндік шараларды мұқият сақтау керектігін баса айтты.

Жиын барысында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының өңірде жүзеге асыру барысы да қаралды.

Үкімет биыл 1 миллион 220 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Атырау облысында бұл бағдарлама шеңберінде 63 жоба жүзеге асырылып 7 мың жұмыс орны ашылады. Оған республикалық бюджеттен 35 миллиард 308 миллион теңге бөлінді.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу