Әдетте елордада таңғы және кешкі қарбалас уақытта қоғамдық көліктер адамға лық толады. Карантин кезінде де жағдай өзгере қойған жоқ. Тиісті талаптарды ескермейтіндер жеткілікті. Автобусқа үсті-үстіне тиеліп алғаны бір бөлек, медициналық маскасыз, қолғапсыз жүрген жолаушылар да көп.
CTS компаниясы көліктік бақылау департаментінің мамандары әр аялдамада тұрып, жағдайды қадағалауға мәжбүр. Ережеге бағынбағандар анықталса, оны тіркеп, бейне-фото дәлелдемелер жинайды. Сол ақпараттардың негізінде мониторинг жасалады.
Қазір шахар маңына қатынайтын қоғамдық көліктерден басқа қала ішіндегі барлық бағыт бойынша жолаушы тасымалы жанданды. Автобустарға әрбір соңғы аялдамада дезинфекция жасалады. Бірақ санитарлық талаптарды сақтамағандарға шара қолданбайды. Тек мамандар әр тұрғын өз денсаулығына бей-жай қарамаса екен дейді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ