1-маусымнан бастап қатынайтын пойыздарға билеттер сатыла бастады. Екі айдан кейін қайта жанданатын жолаушылар тасымалына сұраныс көп. Билет алуға асыққандар бүгін вокзалға ағылды.
Пойыздың жүруін көп күткен ел билет сатылады дегеннен-ақ кассаға қарай жүгірді. Тіпті, сағат 9-да ашылатын вокзалға таң атпай келіп алғандар бар.
Кезек көп болса да арақашықтық сақталған. Оны сақшылар да қадағалап тұр.
Бұған қатысты жолаушылар тасымалының қызметкері барлық ақпарат сәт сайын интернетке жүктеліп жатқанын айтты. Билетті де сайттан алуға болады.
Айта кетейік, темір жол қатынасы кезең-кезеңімен іске қосылады. 1 маусымнан бастап, Атырау қаласынан басқа барлық облыс орталықтарына пойыздар жүреді. Бүгін түске дейін-ақ ел бойынша 23 мың билет сатылыпты. Вагондағы жолаушылар санына шектеу жоқ, қанша орын болса, сонша адам мінеді. Тек шығарып салуға немесе күтіп алуға келгендер вокзалға кіргізілмейді.
Амангелді СЕЙІТХАН