Өңірлер арасындағы карантиндік шаралар әзірге жеңілдемейді. Яғни блокбекеттерден жеке көліктермен өтуге рұқсат жоқ. Бұл туралы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. Себебі әр өңірде ахуал әртүрлі. Вирустың таралып, жаппай жайылып кетуі ықтимал. Сондықтан өткізу бақылау пункттері сол қалпында сақталады. Ал әуе рейстеріне ішінара шектеулер алынғаны мәлім. Жалпы демалыс күндері коронавирусты жұқтырғандар күрт өсті. Екі күнде бұған дейін болмаған 600-ге жуық жағдай тіркелді.
Сондай-ақ вирусқа шалдыққандарды емдеуге жасақталған қонақүйлер бастапқы қызметіне көшіп жатыр. Өйткені стационарлардағы науқастардың саны 20-30 пайыздан аспайды. Тиісінше басқа нысандарға қажеттілік жоқ деді комитет төрағасы. Жалпы карантиндік шаралар жеңілдегенімен жаз айында вирус жойылды дегенді теріске шығарды.
Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ