Алматыда сауда-ойын-сауық орталықтары мен қонақүйлер 25 мамырдан жұмыс істей бастайды. Аумағы 500 шаршы метрден асатын 138 сауда нысанына қойылған шектеулерді алу жоспарланған.
Ірі сауда-ойын-сауық орталықтарындағы азық-түліктік емес бутиктер, сән салондары, химиялық тазалау және мейрамханалар ашылады. Сондай-ақ 3100 дәмхана, мейрамхана, асхана мен жазғы алаң 23:00-ге дейін қызмет көрсетуге рұқсат алып отыр. Алайда банкеттер мен салтанатты тойлар өткізуге тыйым салынған. Биыл мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлер де жұмыс істемейді. Бұл мектеп басшылары мен дәрігерлердің ортақ шешімі, деді қаланың бас санитары.
Сондай-ақ Алматыда коронавирустан қаза тапқан әйел орталық қалалық клиникалық ауруханасының шаруашылық бөлімінде жұмыс істегені анықталды. Айта кетейік, бүгінде қалада қауіпті індетті анықтауға 100 мыңға жуық тест тапсырылып, осы тәсілмен 1848 науқас анықталған.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ