Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының 137 жұмысшысы коронавирус жұқтырған. Ауру жұқтыруы мүмкін деген 15 мың 552 адам тестілеуден өтуі тиіс. Бұл топтың ішінде медицина қызметкерлері, қоғамдық көлік жүргізушілері бар. Жағдай ушыққан соң, осы аптадан бастап іске қосылады деген жазғы дәмханалар мен мейрамхана, діни мінәжет ету орындарының жұмысы қайта тоқтады. Блок бекеттерде тәртіп күшейді.
Талдықорған қаласында жаңа туған сәбиден инфекция анықталды. Ал эпидахуалы онсыз да ушығып тұрған Атырауда жағдай мәз емес. Бүгін Теңіз мұнай кенішінің 142 жұмысшысынан вирус анықталды. Өңірде індет құрығына іліккен 800-ге жуық адамның тоқсан пайызы осы кен орнының қызметкерлері.
Ал Қостанай облысында 19 адамнан індетке шалдықты. Олардың бәрі Жітіқара қаласындағы түрме қызметкерлері.
Сыр өңіріндегі қауіпті індет ошақтарының қатарына бүгін Байқоңыр қаласы да қосылды. Вирус жұқтырған алғашқы науқас Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс істеп келген ер азамат екені белгілі болды. Қазір ол ауруханаға оқшауландырылып, тиісті ем алуда.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ